Облыстық тері-венерологиялық диспансердің 80 жылдан астам тарихы бар. Қазан төңкерісінен кейін тұрғындарды жұқпалы тері және венерологиялық аурулардан жоспарлы емдеуді ұйымдастыру үшін Қазақстанда тері-венерологиялық диспансерлер желісі құрылады. Республикада алғашқылардың бірі болып Орал тері-венерологиялық диспансері ашылады. Облыстық мұрағатта Республиканың сол кездегі астанасы Қызыл-Орда қаласына жолданған жеделхат сақталған. Онда 1926 жылғы 16 ақпандағы Губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің шешімімен Оралда венерологиялық диспансердің ашылғандығы жөнінде хабарланады.

Штатында 20 адам жұмыс жасаған диспансер Комиссаровский көшесі 77-үйдегі бұрынғы венерологиялық амбулаторияның ғимаратында орналасады. Жұмыс жасаған 20 қызметкердің 3-уі дәрігер болған. Диспансер күніне 125-150-ге дейін адамға қызмет көрсете алған.

            1927 жылы диспансер жанында 10 орындық стационар ашылады. Сол жылы Жымпиты және Бөкей уездерінде де венерологиялық диспансер (стационарсыз) ашу қажетті пайда болады. Бөкей уезінде 1880 жылдың өзінде-ақ уездік емхана жанында мерезбен науқастарды емдеуге арналған       3 койка болған.

1937 жылы диспансер жанында микологиялық бөлімше ашылады.

1969 жылы бас дәрігердің күш салуымен облыстың және қаланың барлық медициналық мекемелеріне қызмет көрсететін орталықтандырылған серологиялық зертхана ашылды. Ұзақ уақыт бойы осы серологиялық зертхана республикада ең үздік зертханалардың бірі болып саналды.

            Диспансердің кішігірім ұжымы тек емдеу ісімен ғана емес, сонымен бірге санитарлық-ағартушылық жұмыстарды да атқарған. Науқастарды белсенді анықтау мақсатындағы осы іс шаралармен қатар, мамыр мен қыркүйек айлары аралығында облыс аудандарына экспедицияларға шығу ұйымдастырылып, оның жұмысына 2-3 медициналық қызметкерден қатысады. Әр ауланы тексеріп шығу арқылы науқастарды анықтап, олар оқшаулағыштарға жатқызылған (оқшаулағыштар 30 жж. 3 жыл бойы ашылған).

1989 жылдан бері диспансер ұжымына жоғары санатты дәрігер Ғабит Біләлұлы Әжғалиев басшылық жасап келеді.

Қазіргі уақытта Облыстық тері-венерологиялық диспансер Орал қаласының 1836 жылы салынған, тарихи ескерткіш болып табылатын әсем ғимараттарының бірі – Достық даңғылы 127 үйде орналасқан.

Диспансер құрамында стационарлық бөлімше, амбулатория, клиникалық-серологиялық зертхана және физикабинет жұмыс жасайды.